Шаблоны Joomla 3 здесь: http://www.joomla3x.ru/joomla3-templates.html

 

2016 жылғы 8 желтоқсанда Ш. Есенов атындағы КМТИУ-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) депозитариінің ашылу салтанаты және «Тәуелсіздік таң шапағында» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Ғ. Нұрғазиева, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

ҚХА аймақтық депозитариін Ш. Есенов атындағы КМТИУ кітапханасында ашылу салтанатын университет ректоры, Маңғыстау облысы ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының (ҒСТ) жетекшісі Ә.Қ. Ботабеков кіріспе сөзбен бастады. Ол қонақтарды университетте жүзеге асырылып жатқан елдің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік этносаясатының өзекті мәселелерін, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын зерделеуге және түсіндіруге арналған жобалармен таныстырды.

Аймақтық депозитарийдің алдындағы лентаны салтанатты қию құрметі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы Нұрғазиева мен «Чернобыль» Маңғыстау облыстық одағының төрағасы, «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Юсуп Абдухалилович Абдухалиловке ұсынылды. Олар депозитарийдің еліміздің бейбітшілік және келісім мәдениетінің интеллектуалдық мұрасының берік қорғаушысы және халыққа таратушысы болатынына сенім білдірді.

Кітапхана директоры Г.К. Абошева қонақтарды этносаралық және конфессияаралық қатынастар, Маңғыстау халқының полиэтникалық құрамының қалыптасу тарихы, этномәдени бірлестіктер және олардың жұмысы жөніндегі ғылыми еңбектер, зерттеулер, мақалалар және бейнематериалдар негізінде жасақталған депозитарийдің құрылымымен және мазмұнымен таныстырды.

Іс-шараға қатысушылардың назарына кітапхана қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Президент жолы – Ел жолы», «Ел болашағы бірлікте» атты тақырыптық көрмелер ұсынылды.

 «Тәуелсіздік таң шапағында» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндама жасағандар:

1) С.Т. Закенов, ғылыми жұмыс және қарым-қатынас жөніндегі проректор, баяндама тақырыбы «Тәуелсіздік – тірегім» – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың дана және сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасының егемен дамуының 25 жыл ішіндегі қол жеткізген үздік жетістіктері жөнінде;

2) Л.Л. Буянова, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті,  баяндама тақырыбы «Мәңгілік Ел» – нация единого будущего» – қазақстандық қоғамды топтастырудың өзегі болып табылатын «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізгі қағидалары мен басты құндылықтары жөнінде;

3) Б.К. Керимов, «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, баяндама тақырыбы «Роль Ассамблеи народа Казахстана в формировании казахстанской модели единства и толерантности» – мемлекетіміздің саяси жаңашылдығының бірегей үлгісі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы жөнінде;

4) Ж. Нигметуллин, «Құқықтану» мамандығы бойынша күндіз оқитын 4 курс студенті, баяндама тақырыбы «Тәуелсіздік – ұлттық құқықтық жүйені дамыту кепілі»– еліміздің ұлттық құқықтық жүйесінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық заңының қабылданған кезінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі даму кезеңдері туралы.

Конференция барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихын дәріптеу, еліміздің бірлігін нығайту жөніндегі игілікті жұмысты одан әрі нәтижелі жалғастыру туралы сындарлы ұсыныстар мен пікірлер айтылды.