2016 жылғы 6 желтоқсанда Ш. Есенов атындағы КМТИУ-да «Өңірдің кәсіпорындары үшін техникалық мамандарды даярлауда білім мен өндірістің өзара әрекеттестігі» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының, «КазНИПИмұнайгаз» АҚ-ның, «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның, SMART-EX» ЖШС-нің, «МАЭК-КАЗАТОМПРОМ» ЖШС-нің, «Мұнайгазқұрылыс» ЖШС-нің, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, «Best-Ingineering-Project-Aktau» ЖШС-нің, «WhitePearl жоба-құрылыстық корпорациясы» ЖШС-нің, «CASPI BITUM» БК» ЖШС-нің, «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің, «КазАзот» ЖШС-нің, «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС-нің, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС-нің, «Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасы» ММ-нің, Жер кадастры департаментінің, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Маңғыстау филиалының өкілдері қатысты.

Университет ректоры Ә.Қ. Ботабеков өзінің кіріспе сөзінде техника мен технологияның қарқынды дамуы білім беру үдерісін ұйымдастыру ісіне өзгерістер енгізуді – жұмыс берушілердің талаптарын оқытушыға жеткізу тәсілдерін табуды, сондай-ақ оларға оқу бағдарламалырын өндірістік кәсіпорындардың сұраныстарына қарай жетілдіруге көмек көрсетуді талап етіп отырғанын атап көрсетті.

Бүгінгі таңда өндірістік кәсіпорындар тарапынан қойылып отырған нақты талаптар болмағандықтан, университет мамандарды өз пайымдауы бойынша даярлайды, ал жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін мүлде өзгеше әдіснамалық тәсілдеме қажет. Кадрлар даярлау жүйесінде жетекші орын болашақ маманның кәсіби құзыреттерін анықтайтын жұмыс берушіге берілуі тиіс, ал университеттің міндеті – сол құзыреттерді оқу бағдарламаларында жүзеге асыру болып табылады.

Бұдан әрі ректор қазіргі таңда білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы әрекеттестіктің тиісті деңгейде болуын қамтамасыз етуге кедергі болып отырған бірқатар мәселелерге тоқталды, оның ішінде:

1) жұмыс берушілер тарапынан оқу үдерісіне қатысуға деген қызығушылықтың болмауы – университет жұмыс берушілерді оқу бағдарламаларын бірлесіп дайындауға, қажетті пәндер тізімін жасақтауға жалынып көндіреді;

2) жұмыс берушілердің кәсіби стандарттарының болмауы;

3) жас мамандардың кәсіби құзыреттерін бақылау мен бағалаудың жүргізілмеуі, мұндай ақпарат оқу бағдарламаларына түзетулер енгізу үшін университетке аса қажет.

Өңір кәсіпорындары үшін техникалық мамандар даярлау ісіндегі осындай жағдайлар университеттің дөңгелек үстел ұйымдастыруына негіз болып отыр.

 «Мұнай және газ» факультетінің деканы А.А. Сейдалиев Ш. Есенов атындағы КМТИУ-дың «Мұнай және газ» және «Көлік және құрылыс» факультеттерінде техникалық мамандар даярлаудың қазіргі жәй-күйі, мәселелері және келешегі туралы баяндады. Басты мәселелер ретінде техникалық мамандықтарда оқитын студенттердің өндірістік тәжірибеден өту сапасы мен мамандық бойынша жұмысқа орналасу жағдайлары көрсетілді.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған «ҚазАЗОТ» ЖШС «Шағырлы-Шөмішті» филиалының директоры А.М. Меңдібаев маман даярлауда өндіріс пен білім беру жүйесінің күштерін біріктірудің маңыздылығын көрсетіп, мұндай ынтымақтастықтың университет пен «ҚазАЗОТ» ЖШС арасында іске асырылу тәжірибесі туралы айтып берді.

Маңғыстау облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры К.Э. Алмагамбетов өз сөзінде ұйымның IT-мамандар даярлау саласында университетпен бірлесіп жұмыс атқаруға, соның ішінде Маңғыстау өңірі бойынша практика базаларын ұсынуға, бітірушілерді жұмысқа орналастыруға дайын екендігін білдірді.

«ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің инженері М.Г. Ақын компанияда іске асырылып отырған «Жас маман» бағдарламасы жөнінде және университетпен бірлесіп әрекет етудің мүмкіндіктері туралы баяндады.

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің І санатты сарапшысы Ж.А. Демеев университет пен жұмыс берушілер арасындағы осындай пікір алмасулардың маңыздылығы мен қажеттілігін негіздеп, өндіріс пен білім берудің маман даярлау ісіндегі негізгі мәселелері мен бағыттарына тоқталды.

Бұдан әрі дөңгелек үстел жұмысында сөз сөйлегендер: Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Уйсенов М.М.; «КазНИПИмұнайгаз» АҚ-ның ғылым жөніндегі бас директорының кеңесшісі Туркменбаева Б.Ж.; «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің бас инженері Тулепов Н.А.; «CASPI BITUM» БК» ЖШС-нің бөлім басшысы Байпаков А.Н.; «МАЭК-КАЗАТОМПРОМ» ЖШС-нің персоналмен жұмыс департаментінің директоры Иманкулов Ш.А.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы Маңғыстау өңірі үшін мамандар даярлау, бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселелерінің өзектілігін құптап, университет басшылығына осы отырысты ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді және көтерілген мәселелерді шешуге белсене атсалысатындықтарын айтты.

 Техникалық кадрларды даярлауда тиімді ынтымақтастықты іске асыру мақсатында Ш. Есенов атындағы КМТИУ және «КазАзот» ЖШС, сондай-ақ «Ойл Транстпорт Корпорейшэн» ЖШС арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.